Күтпеген жерден  айтып келмейтін дерт қандай адамды болса да есеңгіртіп тастайды…Осыдан тура бір жыл бұрын аяқ асты кеудемде ісік барын байқадым. Дереу дәрігер көмегіне жүгіндім. Онкологиялық дерт болуы мүмкін деп ойлаған да жоқпын. Барлық тиісті анализдерді жинап, биопсия тапсырдым. Соңына дейін мойындағым келмеді, алайда қолыма биопсия қорытындысын алғанда, қатерлі ісік деген жазуды оқығанда, шыны керек, мен үшін әлем төңкерілгендей болды.

Ең бірінші сұрақ, неге мен?…..

Сәл есімді жинап, қажетті ем-шара қабылдау керек екенін түсіндім. Себебі мен анамын, менің кішкентай балам бар, соны өсіріп жеткізуім керек деген ой келді, маған өмір сыйлаған ата-анам мен бауырларым үшін мен мықты боламын деген тұжырымға келдім. Онколог химиятерапиядан бастау керек екендігін айтты, бойымды қорқыныш биледі. Бастапқы үш ай мен үшін өте ауыр болды, себебі мен бұл ауруды қабылдай алмадым, іштей қатты түңілдім, барарға жер, айтарға сөз таппадым. Көзімнен еріксіз жас төгілді, бұны ешкім білмегенін қаладым, не себепті жасырғым келгенін өзім де түсінбедім…

Үшінші және төртінші химиятерапия ағзама ауыр болды, бірақ сол уақытта мен бұл ауруды қабылдадым, қатты ауырғаныма қарамастан өзіме уәде бердім, енді мен бар күш жігеріммен бұл дертті жеңіп шығамын, мен мықтымын деп қайталай бердім, қайталай бердім…Қазіргі уақытта мен сегіз курс химиятерапияны, екі отаны өткіздім. Аллаға шүкір, көрген түстей бәрі артта қалды, артта қалсыншы……….

Бұл бір жыл мен үшін жүз жылмен тең болды, алайда адам баласы басқа түскен  сынаққа көнеді екен. Ауруханада ем қабылдап, аты жаман дертпен күресіп жүрген біршама адамды кезіктірдім, тағдырлары да сан қилы, бірі дертпен күресіп қиындыққа мойымаған болса, бірінің жанарынан шарасыздықты аңғару қиын емес. Жанымды қоярға жер таппай,  сырқат сыр берген сәттерде, күйзелген кезеңдерде, көз алдымда болған өмір үшін күрестің соңы жеңіліспен аяқталатынына көз жеткізген күндерімде болды. Адам баласын тәубеге келтірудің  ең оңай жолы барын ұғындым. Әр күніме шүкіршілік етіп, арайлап атқан таңның шапағатына бөленіп оянудың бақыт екеніне көз жеткіздім.

Әуелі сенім, намаз бен дұғаның  арқасында денсаулығым жақсарып келеді. Сондай-ақ,  маған қолдау танытқан жандардың да ыстық ықыласы, ақ халатты абзал жандардың жүргізген ем-дом шаралары жаныма демеу, тәніме ем болып қонды.

Осы ретте, дәрігерлердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Әсілінде біз медицина саласы қызметкерлерінің жұмысына көп сын айтып жатамыз. Оған дұрыс жолға қойылмаған жүйенің және өзге де жанама факторлардың бар екеніне үңіле бермейміз. Онкология дерті, аурухананы екінші үйіңе айналдырып жібереді екен. Дәрігерлермен етене жақын таныс болып, күнделікті хабарласып, хал-жағдайыңнан хабардар етіп отыруың шарт. Онсыз болмайды.

Осы бір жылға жуық уақыт аралығында медицина саласы қызметкерлерінің жанкешті еңбегіне куә болдым. Күн-түн демей, жұмыс уақытына қарамастан әрқашан науқастың жанынан табылатын өз ісінің асқан шебері, адамгершілігі жоғары мамандардың барына көз жеткіздім. Менің онколог дәрігерім Кайсар Амангелдіұлы ауыр диагноз қойылған сәттен бастап әрдайым қолдау танытып, ота кезінде және химиятерапия  уақытында профессионалды тұрғыда өз қызметін адал атқара білген-Ақ халатты абзал жан.  Химиятерапия-адам ағзасына өте аур тиетін күрделі процедура. Оның ауырлығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл тұста химиятерапевт маманның кәсіби деңгейі өте маңызды. Әр адамның ағзасына, денсаулығына қарай ем-шара тағайындалады. Осы тұста, мен химиятерапевт дәрігерім — Жасұлан Толбасовичке алғыс айтуды жөн санаймын.  Ауырған  адам үшін бір ауыз жылы сөз, алтыннан да қымбат.  Уақытпен санаспай,  барлық сұрағыма жауап беріп, әрбір терапиядан соң хал- жағдайымды сұрап,  кеңесін  беріп, көмегін аямады.  Жалпы маған профессионал, білікті мамандар жолықты. Отаны белгілі дәрігер-хирург Еділ Мендуллаұлы жасады.  Ол отадан кейін де  бірнеше күн қатарынан  әрбір науқастың хал-жағдайын баса назарда ұстап, таңу-қарау процедурасын өзі жүргізді.

Жалпы, Алматы онкология орталығының барлық қызметкерлеріне алғысым шексіз. Менің ойымша, дәрігер бұл ең қиын әрі ең адал мамандық. Осы дерт арқылы өмірдің қадірін, өмірімдегі әрбір жанның қадірін жете түсіндім. Денсаулықтан асқан байлық жоқ, уақытында тексерілуден өтулеріңізді өтініп сұраймын. Болмашы нәрседен түңілмей, әрбір минутымызды, өмірімізде бар әрбір адамды бағалай білейік. Бәрі жақсы болатынына сенімдімін…

Қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамға  айтар  5 кеңесім!

  1. Үмітіңізді үзбеңіз! Ешқашан, ешқашан үмітіңізді үзбеңіз! Сенім-аурудан құлан-таза айықтыруға апаратын алғашқы қадам. 
  2. Дәрігерлердің кеңесіне құлақ түріңіз. Барлық нұсқаулықтарды мүлтіксіз орындаңыз.
  3. Біздің елімізде мықты дәрігер мамандар жеткілікті, медицина саласы да қарқынды дамып келеді. Тек ең бастысы,  жақсы дәрігер таңдай біліңіз. (Мен ем-дом шараларын бастамас бұрын, бірнеше дәрігердің қабылдауында болдым. Ақылы клиникаларға да барған едім. Дегенмен, Алматы онкология орталығында ем қабылдауды жөн деп білдім, оған басты себеп – дәрігерлер туралы жақсы пікірлердің көп болуы).
  4. Дертіңізді іште сақтамаңыз, жасырмаңыз. Көмек қол ұшын созған жандардан бас тартпаңыз.
  5. Жақсы көңіл күйде болып, үздіксіз дәрумен қабылдап жүріңіз.

 Аида Бекенқызы
Алматы қаласының тұрғыны